Халықаралық әскери ынтымақтастықты одан әрі дамыту шегінде және «Америка Құрама Штаттарына іссапарға жіберу туралы» Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2025 жылғы 4 ақпандағы № 104 бұйрығының негізінде ағымдағы жылғы 8-17 наурыз аралығында полковник Ф.С. Қайранов, педагогика ғылымдарының кандидаты, подполковник Е.М. Искаков және подполковник Д.К. Нуракаевтан тұратын Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің (бұдан әрі – ҰҚУ) офицерлер тобы АҚШ-тың Ньюпорт қаласында болды, онда Солтүстік Американың ең ірі және беделді әскери оқу орнының бірі – Әскери-теңіз колледжінде көшбасшылық пен этика негіздерін зерделеу бойынша бес күндік семинар өтті.
Семинар оқиғалық міндеттерді шешуге және әскери қауіпсіздіктің заманауи қатерлерін модельдеуге бағытталған дәрістер, практикалық сабақтар мен тренингтерден тұратын бай білім беру бағдарламасынан тұрды. ҰҚУ офицерлері жоғары білімдерін көрсетті және Қазақстан Республикасының жоғары оқу орнынан кейінгі әскери білім беру жүйесіне үздік білім беру практикаларын бейімдеу бойынша оң тәжірибе ала отырып, ғылыми пікірталастарға белсенді қатысты.
ҰҚУ әскери ғалымдары мен мамандары көшбасшылық пен этика мәселелерін зерттеумен қатар, АҚШ Қарулы Күштері әскери қызметшілерін әскери-кәсіптік даярлаудың ерекшеліктерін, сондай-ақ американдық оқытушылардың оқу процесін жоспарлау мен пәндерді оқытудағы тәсілдерін зерттеді.
Алынған білім мен тәжірибе білім беру процесінің сапасын арттыруға және ҰҚУ профессорлық-оқытушылық құрамының оқу, әдістемелік және ғылыми жұмысының мазмұнын жақсартуға мүмкіндік береді.