2025 жылдың 22 қазанында Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай «Әлия – аңызға айналған есім!» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Аталған конференцияны Соғыс өнері ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Ұлы Отан соғысы тарихын зерттеу нәтижелерімен алмасу, қазақстандықтардың гитлерлік фашизмді талқандауда рөлін айқындау және елімізде де, шетелде де Әлия есімін насихаттау үшін пікірталас алаңы ретінде ұйымдастырды.
Конференция жұмысына Әскери ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары, Ұлттық қорғаныс университетінің профессорлық-оқытушылар құрамы мен докторанттары, Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе облыстық мемориалдық мұражайының өкілдері, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі, «Әскери-патриоттық және барлау қозғалысы қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан Республикасы Қарулы Күштерінің зерттеушілері қатысты.
Конференцияның форматы барлық қатысушыларға конструктивті түрде пікір алмасуға, қазақ халқының қаһармандық тарихының өзекті мәселелерін, әскери-патриоттық тәрбие, Отанды қорғауға дайындықты қалыптастыру мәселелерін талқылауға және қазақ халқының даңқты қызы Әлия Молдағұлованың жадына тағзым етуге мүмкіндік берді. Ғылыми пікірталасқа қатысушылар бірауыздан қазақстандықтардың Ұлы Отан соғысына қатысуы әлі де өзекті тақырып және зерттеуді қажет етеді деген қорытындыға келді. Өз халқының тарихын білу, тарихи тәжірибені, әскери тарих сабақтарын терең меңгеру әскери өнер тарихының дамуының болашақ бағыттарын болжауға мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Конференцияда сөз сөйлеген Ұлттық қорғаныс университеті бастығы, философия докторы, қауымдастырылған профессор, генерал-майор
Мустабеков А.Д.: «Халқымыздың қаһармандық өткеніне ерекше көңіл бөлу және қазақстандықтардың аға буын ерліктерін жекелендіру әскери-тарихи ғылымды дамытудың жаңа кезеңіне шығуға және әскери-патриоттық тәрбиенің заманауи бастауларын іздеуге мүмкіндік береді. Әлия Молдағұлованың ерлігі мен жауынгерлік жолының үлгісін жас ұрпақты, болашақ офицерлер мен қолбасшыларды патриотизм мен әскери борыш сезіміне тәрбиелеу үшін оқыту бағдарламасына енгізу орынды»,- деп атап өтті.
Ұйымдастырушылардың атына 70-тен астам ғылыми баяндамалар мен хабарламалар келіп түскен. Қатысушылардың ұсыныстары соғыс өнерінің тарихын зерттеуге, соғыс батырларының есімдерін насихаттауға, Отан қорғаушы өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиелеу нысандары мен әдістерін дамыту бойынша тиімді шаралар әзірлеуге маңызды серпін бола алады.
Конференция жұмысымен бірге Ақтөбе облыстық мемориалдық мұражайы мен Ұлттық әскери-патриоттық орталық ұйымдастырған Ұлы Отан соғысы кезіндегі артефактілердің көшпелі көрмесі де болды.
Конференция қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университеті мен Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе облыстық мемориалдық мұражайы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, резолюция қабылданды, материалдар жинағы шығарылды.