logo

Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлік жиналыс өтті


Ұлттық қорғаныс университетінде офицерлік жиналыс өтті

Ұлттық қорғаныс университетінде әскери тәртіпті нығайту және білім беру үдерісінің сапасын арттыру мәселелеріне арналған офицерлік жиналыс өтті. Маңызды басқосу университет бастығы, генерал-майор Мұстабеков Асқар Досбосынұлының төрағалығымен ұйымдастырылды.

Жиналысты ашқан генерал-майор Мұстабеков А.Д. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Қосанов Дәурен Жуматайұлының Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің жеке құрамына арналған үндеуінің негізгі бағыттарын офицерлер назарына жеткізді. Онда офицерлердің жеке жауапкершілігі, талапшылдығы мен ұйымдастырушылық рөлінің жауынгерлік қабілеттілікті, құқықтық тәртіпті және әскери білім беру жүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз етудегі маңыздылығы  атап өтілді.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі офицерлік өзін-өзі басқарудың тиімді тетігін қалыптастыру болды. Ашық әрі тікелей дауыс беру нәтижесінде университеттің барлық құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерінен құралған офицерлік жиналыс кеңесі сайланды. Кеңес төрағасы болып факультет бастығы, полковник Имиров Савердин Карлович сайланды.

Жиналыс барысында 2025 жылы әскери тәртіп пен құқықтық тәртіп бұзушылықтарына жол берілген жекелеген факультеттердің бастықтарының баяндамалары тыңдалды. Талқылау іскерлік әрі қағидаттық сипатта өтіп, орын алған кемшіліктердің себептерін жоюға және олардың алдағы уақытта қайталануына жол бермеуге бағытталған нақты шаралар айқындалды.

Университет бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Оспанбеков Болат Каримұлы өз сөзінде офицердің жоғары адамгершілік және рухани қасиеттерін қалыптастыру оның кәсіби деңгейінің, ұжымдағы беделінің және қызметтік міндеттерді тиімді орындауының басты шарты екенін атап өтті.

Жиналысты қорытындылай келе, генерал-майор Мұстабеков А.Д. офицерлік құрамға әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті одан әрі нығайтуға, сондай-ақ әрбір офицердің өзіне сеніп тапсырылған бөлімшелердегі жағдайы үшін жеке жауапкершілігін арттыруға бағытталған нақты міндеттер қойды.