logo

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде мектеп оқушылары инновациялар мен озық технологиялар әлеміне енді.


Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университетінде мектеп оқушылары инновациялар мен озық технологиялар әлеміне енді.

Республика күні қарсаңында Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті елордалық мектеп оқушылары үшін танымдық іс-шара ұйымдастырды. Оның барысында оқушылар Күзет және қамтамасыз ету ротасымен әскери-ғылыми взводының қызмет ерекшеліктерімен және сарбаздардың тұрмыс жағдайымен танысты.

Іс-шараға Қадыр Мырза Әли атындағы №88 мектеп-лицейінің 8–10-сыныптарынан елуге жуық оқушы қатысты. Жас буынды әскери өмірмен таныстыру мақсатында арнайы экскурсия ұйымдастырылып, оны рота командирі, аға лейтенант Жасұлан Есентай жүргізді.

Оқушыларға модульдік казармалар, әскери киім үлгілері, спорт алаңы көрсетілді. Сондай-ақ, олар сарбаздармен бірге турникке тартылудан жарысып, үстел теннисін ойнады.

– Біздің мақсатымыз – жас ұрпақтың армия өміріне деген қызығушылығын арттырып, сарбаздардың әскери қызмет барысында қорғаныс саласына енгізіп жатқан инновациялық әзірлемелерін көрсетті. Армия өмірімен тікелей танысу – патриоттық рух пен әскери мамандыққа деген қызығушылықты қалыптастырудың тиімді жолы, – деді аға лейтенант Ж. Есентай.

Әскери қызметшілер оқушыларға атыс қаруының құрылысы мен қауіпсіз қолдану ережелерін түсіндіріп, Калашников автоматы мен Макаров тапаншасын бөлшектеу және жинау нормативтерін көрсетті.

Сондай-ақ, дронның ұшу қабілеті тәжірибе жүзінде көрсетіліп, оның техникалық сипаттамалары мен барлау мүмкіндіктері туралы Технологиялық парк зерттеу қызметінің бастығы, полковник Жарқын Қабдолда баяндап берді.

Аталған дрон «Айбалта» оқу-жаттығуында барлау жүргізу және бронетехника мен жаяу әскердің шабуылдарын тойтару мақсатында пайдаланылған. Оның ұшу қашықтығы түріне қарай 3-тен 10 шақырымға дейін, ал жылдамдығы сағатына 200 км-ге дейін жетеді.

– Мұндай дрондарды мен бұрын тек фильмдерден көретінмін. Әрине, оны меңгеру үшін техникалық сауаттылық қажет. Сарбаздар Ұлттық Қорғаныс университетінде қызмет етуі – олардың қабілеттерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, – деді 8 «А» сынып оқушысы Аяжан Молдебаева.

Экскурсия соңында оқушылар әскери-ғылыми взводының сарбаздары қорғаныс саласына арналған жобаларды жүзеге асырып жатқан технологиялық паркте болды.

– Қазіргі уақытта біз әскери бөлімге кіруді бақылау жүйесінде Face ID технологиясына жасанды интеллект енгізу жобасымен айналысып жатырмыз. Бұл шешім шығынды азайтып, бөлімшенің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді IT-бөлімше жауынгері Қуанышбек Сағынғалиев.

Кездесу барысында оқушылар мамандарға өз сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.

Мұндай іс-шаралар жастардың әскери мамандыққа деген құрметін қалыптастырып, олардың заманауи технологиялар мен қорғаныс саласы жөніндегі білім көкжиегін кеңейтеді.