Ұлттық қорғаныс университетінде Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай Қазақстан Республикасы Ұлттық қорғаныс университетінің «Қарулы Күштер Бас штабы Академиясы», Құрлық әскерлер, Жан-жақты қамтамасыз ету, Әуе қорғаныс күштері, Жұмылдыру дайындығы, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық Ұлан факультеттері және Азаматтық қорғаныс кафедрасының ұйымдастыруымен дөңгелек үстелдер өткізілді.
Әскери қызметшілер мен жас офицерлердің бойында отансүйгіштік рухты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және Бауыржан Момышұлының ерлік өнегесін кейінгі ұрпаққа үлгі ету осы өткізілген іс-шаралардың басты мақсаты болды.
Іс-шараның мәртебесін арттырған құрметті қонақ, белгілі журналист, БАҚ саласының топ-менеджері, «Егемен Қазақстан» газетінің бұрынғы бас редакторы, Қазақстанға еңбегі сіңген қайраткер, Бауыржан Момышұлымен төрт мәрте жүздесіп, сұхбат алған Жанболат Әлиханұлы Аупбаев болды. Ол өз дәрісінде батырмен болған жеке кездесулерінен сыр шертіп, Бауыржан Момышұлының болмысы азаматтық ұстанымы, әскери тәртіп пен ұлттық рух туралы терең пайымдарын тыңдаушылар назарына ұсынды. Дөңгелек үстел барысында магистранттар мен доктаранттар Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя», «Соғыс психологиясы», «Командир күнделігі», «Волоколамск тас жолы» сынды іргелі еңбектері туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Дөңгелек үстелдер барысында Бауыржан Момышұлының ерлік жолы, әскери қызметі, қолбасшылық тәжірибесі, рухани мұрасы және отансүйгіштік тәрбие берудегі орны кеңінен талқыланды. Қатысушылар батырдың өмірлік ұстанымдары мен қағидаларын қазіргі әскери білім беру жүйесінде насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.